KZ
KZ RU
26 ақпан 2024 11:55
OLIMPBET СУПЕРКУБОК

«Тобыл» тарихи Суперкубокты жеңіп алды

26 ақпан 2024 11:55

Түркияның Анталия қаласындағы «Титаник Мардан» стадионында футболдан OLIMPBET - Қазақстан Суперкубогының иегері анықталды. Беделді кубок қостанайлық «Тобылға» бұйырды. Олар шымкенттік «Ордабасымен» негізгі уақытта 1:1 есебімен тең ойнап, пенальти сериясында басым түсті (5:4). Жеңімпазға 25 миллион теңге табысталды. 

 
Бірінші таймның соңында «Ордабасы» қорғаушысы Евгений Макаренко бірінші болып есеп ашты. Ал «Тобыл» қорғаушысы Иван Миладинович 63-ші минутта есепті теңестірді. Нәтижесінде клубтар жеңімпазды анықтау үшін, пенальти сериясына жүгініп, онда сәттілік «сары-жасыл» жағында болды. Кездесу бойынша «Тобыл» капитаны Роман Асранқұлов аталмыш жеңісті Қостанай қаласының барлық тұрғынына арнады. 
 
«Ойын эмоционалды өтті. Біз жанкүйерлердің алдында ақталу үшін, екінші финалда жеңіске жеткіміз келді.«Ордабасы» — мықты команда. Құдайға шүкір, басымдылық біздің тарапта болды және нәтижесінде жеңдік. Бұл жеңісті барлық жанкүйерлерге, Қостанай қаласына арнаймыз. Қостанай жанкүйерлеріне жеке алғыс айтқым келеді. Ұжымдық жұмыстың арқасында біз оң нәтижеге қол жеткіздік», - деді Роман Асранқұлов. 
 
Сонымен қатар, «Тобыл» үшін бұл жылдың алғашқы кубогы ғана емес, сонымен қатар клуб тарихындағы үшінші Суперкубок. Ал есе жіберген «Ордабасы» клубына 15 миллион теңгеге сертификат табысталды. Айта кетейік, екі команда да жыл басынан бері Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп келеді және ҚКФЛ командаларды маусымға жақсы дайындалу үшін қолайлы жағдай жасау туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, әлемнің үздік лигалары Суперкубокты өзге елдерде өткізу үрдісін тәжірибе жүзінде қолданып келеді.
 
«Бұл дұрыс шешім болды. Бұл, ең алдымен, осы жерде оқу-жаттығу жиынын өткізген командаларымызға пайдалы болды. Екіншіден, бұл ұлттық құрамаға үміткер футболшыларға өте жақсы әсер етті. Біз жағдайды жайлы ету үшін, бар күшімізді салдық», - деді Қазақстанның кәсіби футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян.
 
Осылайша, OLIMPBET - Қазақстан Суперкубогының ұтыс ойыны республикамыздағы жаңа футбол маусымын ашты. Естеріңізге сала кетейік, 1 наурызда Премьер-лига ойындары басталады. Барлық ойындарға шолу біздің Telegram-арнамызда қолжетімді болады.