KZ
KZ RU
05 мамыр 2024 22:45
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

7-ші тур қорытындысы: 2 айдан кейін жеңіске жеткен «Тобыл» топ басына шықты

05 мамыр 2024 22:45

4-5 мамыр күндері өткен OLIMPBET QFL Премьер-лигасының кезекті турында тағы да көшбасшы ауысты.


Қандай жайттар тіркелді?

- 6 матчта ең аз 8 гол соғылды;

- «Елімай» клубы ғана 1 голдан артық қарсылас қақпасынан саңылау таба алды;

- 30 сары қағаз беріліп, 4 футболшыға қызыл қағаз көрсетілді;

- Осы турда қақпаға белгіленген 2 пенальти де соғылмады;

- «Қызылжар» кейінгі 3 ойында 3 түрлі қақпашысын шығарды;

- OLIMPBET QFL Премьер-лиганың осы маусымында алғашқы кездесуін өткізген «Қайрат» қақпашысы Вадим Ульянов матчтың «ең үздік ойыншсы» номинациясын иеленді;

- 2024 жылы «Тобылға» ауысып, әлі алаңға шықпаған «Тобыл» қорғаушысы Ермек Абдулла қосалқы құрамда қызыл қағаз алды;

- «Тобыл» 2 айдан кейін ғана «Жетісуді» жеңіп, турнир кестесінде 1-ші орынға көтерілді.

 

«Жеңіс» – «Елімай» - 1:2

Голдар: Квентин Корнет, 61 минут (0:1), Юрий Перцух, 77 минут (0:2), Ильяс Зулфиу, 90+2 минут (1:2)

Алаңнан қуылған: Абай Жүнісов, 40 минут («Жеңіс»)

Жанкүйер саны: 200

Алғашқы таймда қос команда да терезесі тең өрнегін көрсетіп жатыр еді. Тек 40-шы минутта Абай Жүнісов алаңнан қуылып, командасын қиын жағдайға қалдырды. Бұл футболшы сонау 2016 жылы ғана қызыл қағаз алған екен. Салдарынан «Жеңіс» осы маусымда өз алаңында бірінші рет есе жіберді. «Елімайдың» бетке ұстар ойыншысы, Франция чемпионатында талай жыл доп тепкен Квентин Корнет айып алаңы сыртынан Премьер-лигадағы тұсаукесер голын салды. Артынша былтыр ғана «Шахтердің» намысын қорғап, кейінгі голын 2023 Қарағандыда соққан Юрий Перцух араға уақыт салып, есепті арттырды. Ал қосымша уақыттаға Ильяс Зулфиудің шиыра тепкен голы тараз басын қысқартқанымен, кездесу тағдыры әлдеқашан шешіліп қойған болатын.

 

«Қызылжар» – «Тұран» - 0:1

Гол: Александр Соколенко, 56 минут (0:1)

Соғылмаған пенальти: Никола Цуцкич, 71 минут («Тұран»)

Жанкүйер саны: 2 000

Маусымды сәтті бастап, көшбасшылардың қатарында жүрген «Қызылжарды» 2 тур қатарынан қара басты. Гол соға алмады, маңдытып шабуыл ұйымдастырмады. Керісінше 1 айдан бері жеңістің дәмін татпаған «Тұран» күтпеген жерден сенсациялық жеңіске жетті. Сенсациялық деген аты болғанымен, алаң иелері жеңіс үшін лайықты өнер көрсетпеді. Керісінше «Тұран» есепті еселейтін сәтін қолданбады. Бір қызығы, ойын тағдырын «Қызылжардың» түлегі Александр Соколенко шешті. Бұл футболшы бұған дейін 2018 жылы «Қайрат» сапында «Атырауға» кездесуде бірінші голын соғып жеңіс әкелген еді. Дәл сол жылы Қазақстан кубогының финалындағы «Қайрат» - «Атырау» матчында да жалғыз голымен «Қайратқа» чемпиондық атақ сыйлаған.

 

«Қайрат» – «Атырау» - 1:0

Гол: Еркебұлан Сейдахмет, 51 минут (1:0)

Соғылмаған пенальти: Педро Эуженио, 44 минут («Атырау»)

Алаңнан қуылды: Барбоса, 83 минут («Атырау»)

Жанкүйер саны: 6 589

Букмекерлік кеңселер бұл матчта «Қайраттың» жеңетініне күмәнмен қарады. Себебі, алаң иелері 3 ойын қатарынан «Атыраудан» асыра алмай келген. Бірінші таймда да кездесу сценарийі солай өрбігендей болған. 44-ші минутта қонақтар пенальти тебуге мүмкіндік алды. Алайда Педро Эужениудің соққысын 22 жастағы Вадим Ульянов дәл тапты. Бірақ төреші ереже бұзылды деп, қайта «Атырауға» орындатты. Бұл жолы да қақпашы қайтарды. Дәл осы сәт «Қайраттың» үміт отын жағып, екінші таймда Жоау Паулудің пасын Еркебұлан Сейдахмет голға айналдырды. Есеп: 1:0.


«Тобыл» – «Жетісу» - 1:0

Гол: Годберг Купер, 7 минут (1:0)

Қызыл қағаз алған: Ермек Абдулла, 87 минутта алаң жиегінде қуылды («Тобыл»)

Жанкүйер саны: 1 500

Ысқырық шалынысымен «Тобыл» оқиғаны созбай, бірден шабуылға шықты. Нәтижесінде 7-ші минутта-ақ Годберг Купер оң қапталдан асырылған допқа бірінші үлгеріп, есеп ашты. Ерекшелігі сол, «Тобыл» осы маусымда гол соққан барлық матчтарында міндетті түрде бірінші таймда гол соғып келеді. Қалған уақытта қос команда да қауіпті шабуылдар ұйымдастырса да, табло өзгеріссіз қалды. «Тобыл» бұған дейінгі «Жеңіс» және «Астанаға» қарсы кездесуде де есеп ашып, нәтижесінде тең тарқасқан болатын. Міне, енді араға 2 айдай уақыт салып, «Тобыл» OLIMPBET QFL Премьер-лигадағы кезекті жеңісіне қол жеткізді.


«Ақтөбе» – «Астана» - 1:1

Голдар: Исламбек Қуат, 23 минут (0:1), Идрис Ұмаев, 77 минут (1:1)

Алаңнан қуылған: Исламбек Қуат, 43 минут («Астана»)

Жанкүйер саны: 12 600

OLIMPBET QFL Премьер-лигадағы матчын Қобыланды батыр стадионында қабылдауға рұқсат алған «Ақтөбені» қолдауға 12 600 жанкүйер жиналды. Жалынды қолдаудың арқасында алаң иелері бірден қонақтарды қыспаққа алған болатын. Бірақ күтпеген жерден 23-ші минутта Исламбек Қуат алыстан керемет гол соқты. Осының алдындағы турда да ұлттық құраманың қақпашысы Игорь Шацкий алыстан гол өткізіп алған болатын. Алайда қуаныш ұзаққа созылмады. Небары араға 20 минут салып, Исламбек Қуат қарсыластың аяғына қауіпті ойнағаны үшін, тікелей алаңнан қуылды. Екінші таймда «Астана» бірде-бір шабуыл ұйымдастырмай, жеңісті есепті сақтап қалуға тырысты. Тіпті «Ақтөбе» ұзақ уақыт бойы қауіпті соққы да жасай алмады. Тек 77-ші минутта қосалқы құрамнан алаңға шыққан Идрис Ұмаевтың алыстан тепкен добы қақпа торын тулатты. Қалған уақытта да алаң иелері алыстан соққы жасағанымен, қонақтардың қақпашысы сыр бермеді. Есеп: 1:1.


«Шахтер» – «Қайсар» - 0:0

Жанкүйер саны: 1 500

OLIMPBET QFL Премьер-лигада ең аз гол соққан әрі көш соңындағы клубтардың ойыны қонақтардың шабуылымен басталды. Алаң иелері тек 20-шы минутта ғана алғашқы қауіпті соққысын жасай алды. Ал гол соғатын таза мүмкіндікті «Қайсар» жіберіп алды. 35-ші минутта Валерий Громыко алға шығып, қателікке бой алдырған «Шахтер» қақпашысын кешірді. Оның бос қақпаға тепкен добы қақпа маңдайшасынан қайтты. Екінші таймда алаң иелері бірнеше соққы жасағанымен, есеп сол күйі ашылмады. Тең нәтиже қос клубты да қанағаттандырмай, 12-13-ші орындарда қала береді.


OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 8-ші тур ойындары 11-12 мамыр күндері өтеді.