KZ
KZ RU
08 мамыр 2024 20:57
ЕКІНШІ ЛИГА

5-ші тур қорытындысы: «Оңтүстік-Батыс» конференциясындағы қарбалас

08 мамыр 2024 20:57

7-8 мамыр күндері QFL Екінші лигасының 5-ші турында «Оңтүстік-Батыс» конференциясында бірнеше күтпеген нәтижелер тіркеліп, турнир кестесінің басына AKAS клубы шығып кетті.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 12 ойында 42 гол соғылды;

- 63 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды;

- Ең көп 9 сары қағаз, 1 қызыл қағаз KazAST – AKAS матчында тіркелді;

- «Шахтер Ж» қарсыластарын жеңіп келеді;

- «Мақтаарал» бірінші жеңілісіне ұшырады;

- «Оқжетпес Ж» маусымдағы бірінші голын соқты.


«Оңтүстік-Батыс» конференциясы


7 мамыр

 

KazAST – AKAS - 2:3

Голдар: Сергей Гридин, 49 минут (0:1), Сергей Гридин, 59 минут (0:2), Өмірәлі Карл, 70 минут (1:2), Өмірәлі Карл, 74 минут (2:2), Данила Васильченко, 78 минут (2:3)

Алаңнан қуылған: Байарыс Балтабай (AKAS), 90+5 минут

Алғашқы тайм қарқынды өткенмен, барлық голдар екінші таймда соғылды. АКАS-тың тәжірибелі футболшысы Сергей Гридин 2 тур қатарынан 2 голмен қанжығасын майлады. Осылайша, ол 4 голмен сұрмергендердің қатарына кірді. Алайда 70-ші минутта Өмірәлі Карл бұрыштамадан тікелей гол соқса, артынша қақпа маңдайшасынан қайтқан допқа бірінші болып үлгерді. Қонақтар тез арада ес жиып, бұрыштамадан ойын нүктесін қойды.

 

«Атырау Ж» - «Қайсар-Шиелі» - 3:4

Голдар: Кошали Измуллаев, 13 минут (1:0), Темірлан Жиеналиев, 15 минут (2:0), Диас Өтебек, 36 минут (2:1), Юсуф Саидалиев, 39 минут (3:1), Сұлтан Мықтыбаев, 46 минут (3:2), Данил Царев, 69 минут (3:3), Сұлтан Мықтыбаев, 84 минут (3:4)

Өз алаңында бірінші рет қарсыласты қабылдаған атыраулықтар жылдам 2 голмен ойын тағдырын шешкендей болған. Тіпті бірінші таймнан соң, 3:1 есебімен басым түскен. Бірақ осы маусымда 7 голын екінші таймда соққан «Қайсар-Шиелі» еңселерін түсірмей, сырт алаңда тіпті жеңісті жұлып әкетті. Қызылордалықтар 2 жеңісіне де сырт алаңда жеңіліп жатып, 3 ұпай алды.

 

«Тұран Ж» - «Ордабасы Ж» - 2:1

Голдар: Батыр Мұқашев, 7 минут (1:0), Мұқағали Сағиталы, 21 минут (2:0), Атахан Темірбек, 43-ші минутта пенальти (2:1)

«Тұран Ж» кезекті рет қарсыласын таңғалдырды. Өйткені, «Ордабасы Ж» осы матчта жеңіске жеткенде ТОП-3-ке көтерілетін еді. Бірақ кездесу мүлдем басқа сценарийде өрбіді. Алаң иелері бірден қақпаға соққыны жаудырып, айналдырған 20 минутта таблодағы есеп 2:0-ге өзгерді. Қонақтар айтарлықтай шабуыл жасады деп айта алмаймыз. Тек бірінші таймның соңғы минуттарында пенальтимен есепті қысқартқаны болмаса, қалған уақытта ешнәрсе бітіре алмады.

 

8 мамыр

 

«Тараз Ж» - «Оңтүстік» - 0:1

Гол: Мағжан Тоқтыбай, 10-шы минутта пенальти (0:1)

Маусымды сәтті бастаған «Тараз Ж» ұжымы тағы да өздерінен тәжірибелі командамен иық тіресте алмады. Қонақтар пенальтимен жылдам есеп ашып, сол нәтижені соңына дейін сақтап қала алды. Өкінішке қарай, алаң иелері осыған дейін көрсетіп келген шеберліктерін паш ете алмады. Керісінше, «Оңтүстік» футболшылары есепті ұлғайтуға қанша тырысқанымен, бір голдан артық соқпады.

 

«Іле-Алатау» - «Мақтаарал» - 2:1

Голдар: Александр Стародубов, 57 минут (1:0), Бахтияр Елбаев, 78 минут (1:1), Шейхислам Құлахметов, 90+2 минутта пенальти (2:1)

Екінші таймда Александр Стародубовтың орындаған айып добын қақпашы қайтара алмады. Бірақ қорғаныстағы қарбаласты сәтті пайдаланған Бахтияр Елбаев 78-ші минутта есепті теңестірген болатын. Матч осылай тең есеппен аяқталуға жақын болған. Бірақ соңғы минуттарда «Мақтаарал» футболшысы өз айып алаңында сәтсіз құлап, допты қолына тигізіп алды. Бұл қателікті «Іле-Алатау» кешірмеді. Нәтижесінде әлі жеңілістің дәмін татпаған алматылықтар күтпеген жерден 3-ші орынға бірақ көтерілді. Ал басты фаворит саналған «Мақтаарал» бірінші рет ұпай жоғалтты.

 

«Жас Қыран» - «Талас» - 2:1

Голдар: Санжар Кабиров, 23 минут (1:0), Тимур Мұхаметжанов, 47 минут (2:0), Жолбарыс Шалтенов, 60 минут (2:1)

Шеберлігі жағынан жоғары «Жас Қыран» қарсыласқа айтарлықтай түк істетпеді. Сенімді 2 гол соғып алған алматылықтар жеңісті есепті сақтап қалды. Ал дебютант «Талас» сапынан осы маусымдағы 2-ші голын тағы да Жолбарыс Шалтенов соқты. Бірақ өткен жолғыдай емес, оның голы «Таласты» жеңілістен аман алып қалуға көмектеспеді.

 

«Солтүстік-Шығыс» Конференциясы


7 мамыр

 

«Қызылжар Ж» - «Елімай Ж» - 3:1

Голдар: Мейіржан Жұмаділов, 4 минут (0:1), Мирас Жеңіс, 9 минут (1:1), Жантөре Молдабаев, 34 минутта пенальти (2:1), Роман Гамазин, 38 минут (3:1)

Семейліктер есепті жылдам ашып, шабуылда ойнағанымен, басымдықты сақтай алмады. Алдымен айып алаңынан тікелей гол жіберсе, артынша пенальти белгіленді. 3-ші гол қорғаушылардың қателігінен кетті. Осылайша матч жеңімпазы бірінші таймда-ақ анықталып қойды. Ал кездесуде 2 есе көп соққы жасағанымен, «Елімай Ж» қалған уақытта есепті қысқарта алмады.

 

«Тобыл Ж» - «Ақсу» - 2:1

Голдар: Ерназар Дюсеков, 12 минут (0:1), Нұрбол Жұмаделов, 66 минут (1:1), Тимур Игубаев, 73 минут (2:1)

Матчтағы жылдам голды Ерназар Дюсеков соқты. Артынша Мүслім Закария қақпашыныа алдап өтсе де, есепті еселей алмады. «Ақсу» 90 минут бойы 1 ғана дәл соққы бағыттай алды. Қалған уақытта «Тобыл» қарсыласқа бас көтертпей, 28 рет қақпаға доп тепті. Бұл өз нәтижесін беріп, екінші таймның бел ортасында жеңісті жұлып алды.

 

SD Family Ж – «Жеңіс Ж» - 2:2

Голдар: Тимур Қуантаев, 22 минут (1:0), Айтжан Рамазан, 52 минут (2:0), Николай Горобченко, 69 минут (2:1), Әлішер Буралкиев, 78 минутта пенальти (2:2)

Үшінші матч қатарынан өз ойынын Sydykbek Arena-да өткізген «Жеңіс Ж» командасы ақыры 1 ұпайын иеленді. Қос ұжым да дебютант ретінде саналғанымен, SD Family Ж фаворит еді. Тіпті матч барысында бұны дәлелдегендей болды. Алайда қақпашысын ауыстырып шыққан «Жеңіс Ж» ұжымы 2 гол жіберсе де, қарсыластың босаңсуын керемет пайдаланып, тараз басын теңестіріп кетті.

 

8 мамыр

 

«Жетісу Ж» - «Оқжетпес Ж» - 2:1

Голдар: Тимур Арчаков, 24 минут (0:1), Шыңғыс Әнуарбек, 35 минут (1:1), Шыңғыс Әнуарбек, 65 минут (2:1)

Қонақтар ысқырық шалынысымен жылдам шабуылдарға иек артып, 24-ші минутта есеп ашты. Бұл көкшетаулықтардың осы маусымдағы алғашқы голы. Бірақ «Жетісу Ж» еңселері түспей, Шыңғыс Әнуарбектің 2 голы арқасында қағаз жүзіндегі фаворит екендігін іс жүзінде дәлелдей білді. Әзірше Талдықорған жастары 4-орында тұр.

 

«Шахтер Ж» - «Астана Ж» - 2:1

Голдар: Руслан Тұтқышев, 5 минут (1:0), Аслан Ғабиден, 14 минут (1:1), Никита Ковальчук, 26 минутта пенальти (2:1)

Алаңнан қуылған: Максим Комиков, 58 минут («Шахтер-Ж»)

«Шахтер Ж» кезекті турында тағы да астаналық командамен жолықты. Бұл ұжым осы турға дейін ащы жеңілістің дәмін татпаған болатын. Кездесу командалардың аңдысуымен емес, бірден алма-кезек шабуылымен басталды. Нәтижесінде Руслан Тұтқышев жылдам есеп ашқанымен, «Астана Ж» сапынан шеберлік тұрғысынан жақсы көріне білген Аслан Ғабиден тез арада тараз басын теңестірді. Тек 26-шы минутта қорғаушының болмайтын қателігі алаң иелеріне пенальти әперді. Команда капитаны Никита Ковальчук «Шахтер Ж» командасын тағы да алға шығарды. Екінші таймда Максим Комиков алаңнан қуылғанымен, қонақтар нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алмады. Есеп: 2:1

 

«Ертіс» – «Алтай Ж» - 3:0

Гол: Арман Смаилов, 13 минут (1:0), Руслан Есімов, 87 минут (2:0), Руслан Есімов, 90+4 минут (3:0)

«Ертіс» клубының ұтатындығы белгілі болса да, осы маусымда ең аз 20 соққы ғана бағыттай алды. Бұған дейінгі турларда да мықтылармен ұпай бөліскен «Алтай Ж» соңғы минуттарға дейін 1 ғана голмен жеңіліп тұрған еді. Тек осы жолы да қосалқы құрамнан шыққан 34 жастағы Руслан Есімов кезекті голымен жергілікті жанкүйерлерді қуантты.

 

QFL Екінші лигасының 6-шы тур ойындары 14-15 мамыр күндері өтеді.