KZ
KZ RU
05 мамыр 2024 09:00
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

5-ші тур қорытындысы: Арыстағы драма

05 мамыр 2024 09:00

2-3 мамыр күндері 1XBET QFL Бірінші лигасы аясындағы 5-ші тур қорытындысы бойынша, «Каспий» мен «Жетісай» көш бастаса, Арыстағы матчтың жеңімпазы соңғы секундтарда анықталды.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 6 ойында 23 гол соғылды;

- 31 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды;

- «Ақжайық», «Жетісай»,« Ақтөбе Ж» клубтары ескерту алмады;

- «Каспий» 4 ойын қатарынан жеңіске жетті;

- «Ақтөбе Ж» қақпашысы Евгений Ситдиков 1 нәтижелі пас шығарып, соңғы минутта алғашқы жеңісті сыйлады;

- «Хан-Тәңірі» 5 ойынның 4-уінде гол жібермеді.

 

«Тараз» - «Ақжайық» - 3:1

Голдар: Санжар Кемелбек, 49 минут (1:0), Диас Орынбасар, 62 минут (2:0), Темірлан Үмбетов, 71 минут (2:1), Диас Орынбасар, 78 минут (3:1)

Алғашқы таймда тәжірибелі қонақтардың басымдығы көрінгенімен, есеп ашылмады. Екінші таймда «Тараз» клубы өзгеріс енгізіп, Санжар Кемелбекті алаңға шығарды. Дәл осы ауысым алаң иелері үшін сәтті болып, Санжар есеп ашты. Артынша Диас Орынбасардың жеке шеберлігінің нәтижесінде есепті ұлғайтты. «Ақжайық» 1 голмен жауап қатқанымен, қонақтардың қақпашысы өрескел қателікке жол беріп, ойын тағдырына нүкте қойды. «Тараз» клубы екінші матч қатарынан 2-ші таймда жеңісті жұлып алды.

 

«Жетісай» - «Түркістан» - 5:2

Голдар: Елжас Сарбай, 21 минут (1:0), Бекнұр Рысқұл, 55 минутта пенальти (2:0), Қазыбек Мұхитұлы, 62 минут (3:0), Бекнұр Рысқұл, 64 минут (4:0), Дилмурод Паччаханов, 78 минут (4:1), Димаш Құдайберген, 82 минут (5:1), Хасан Сабиржанов, 90+3 минут (5:2)

2023 жылы құрылса да, «Жетісай» ұжымы өз жанкүйерлерін 4 мәрте қатарынан жеңіске жетіп, қуантып жатыр. Осы маусымда өз алаңында екінші рет қарсыласын қабылдаған «Жетісайдың» ойынына 1 200 жанкүйер қызу қолдауын білдірді. Көрермендердің қолдауы әсер етті ме, алаң иелері қандай қарсылас болса да, ешкімнен сескенбей, айқын басымдылықпен жеңуде. Сондай клубтың бірі – жеңілістің ащы дәмін татпаған «Түркістан» еді. Бұл матчтың ерекшелігі сол – 2023 жылы «Түркістан» сапында 14 гол соққан Бекнұр Рысқұл биыл «Жетісайға» ауысқан болатын. Дәл осы футболшы дубль авторы атанып, алаң қожайындарына ірі жеңіске қол жеткізуге үлкен үлес қосты.

 

«Қайсар Жас» - «Оқжетпес» - 0:0

Қызылордалықтар өз алаңында кезекті басты фавориттің бірін қабылдап, тең түсті. «Оқжетпес» алыс қашықтықтан бірнеше қауіпті соққыларымен есте қалғанымен, кезекті рет қақпашы Нұрмат Сәрсенов 6 дәл соққыны алып шықты. «Қайсар Жас» өткізген кейінгі 3 матч 0:0 есебімен аяқталып, барлығында қақпашылар «үздік ойыншы» атанды.

 

«Ұлытау» - «Екібастұз» - 2:1

Голдар: Жасұлан Молдақараев, 18 минут (1:0), Тамерлан Агиманов, 59 минут (1:1), Жасұлан Молдақараев, 61 минут (2:1)

Алаңнан қуылған: Виктор Гунченко, 90+3 минут («Екібастұз»)

3 матч бойы жеңілістен көз ашпаған «Ұлытау» өз алаңында көптен күткен жеңіске қол жеткізді. Қарсылас та осал болмады. Осыған дейін гол жібермеген, турнирдің бас жағында орналасқан «Екібастұз». Көптен бері жолы болмай жүрген Жасұлан Молдақараевтың айы оңынан туып, қанжығасын майлады. Қонақтар 14 мәрте шабуылдап, есепті теңестіргенімен 1:1 есебі тек 2 минут қана сақталды. Қалған уақытта «Екібастұз» алға ұмтылса, алаң иелері қарымта шабуылға жүгінді. Клубтар қақпашымен бірге-бір де шықты. Дегенмен табло өзгермеді. Есеп: 2:1

 

«Арыс» - «Ақтөбе Ж» - 2:3

Голдар: Аян Байдавлетов, 10 минут (0:1), Мирам Кикбаев, 25 минут (0:2), Темірлан Амиров, 68 минутта пенальти (1:2), Диас Исақұл, 86 минут (2:2), Әлім Абатай, 90+3 минут (2:3)

Турнирдің төменгі бөлігінде орналасқан командалардың матчы тартысты болады деп кім ойлаған. Оның үстіне бұған дейін «Ақтөбе» көп шабуылдап, мүмкіндіктерін қолдана алмаса, «Арыс» осы уақытқа дейін 1 рет қана қарсылас қақпасының кілтін тапқан. Бірақ бұл ойын өте тартысты өтті. Алғашқы таймда «Ақтөбе Ж» 2 гол соғып, кездесу тағдырын шешкендей көрінген. Алайда екінші таймда алаң иелері есепті теңестіріп қана қоймай, қосалқы құрамнан шыққан Диас Исақұл «Арысқа» жеңіс әпере жаздады. Әттеген-айы, қақпашымен бірге-бір шықса да, мүмкіндігін қолдана алмады. Ал соңғы секундта «Ақтөбе Ж» қақпашысы Евгений Ситдиковтың алаң ортасынан асырған добына Әлім Абатай үлгеріп, қонақтар 2:3 есебімен басым түсті.

 

«Алтай» - «Хан-Тәңірі» - 0:1

Гол: Диас Қалыбаев, 21 минут (0:1)

Турнирдегі орынға қарамастан, «Алтай» ұпай алатын 100%-дық сәттерін пайдалана алмады. Алдымен Әлішер Рахимжанов мүлт кетсе, артынша Диас Көшкімбаев 6 метрден қашықтықтан допты әуеге жіберді. Ал қонақтар өз мүмкіндігін пайдаланып кетті. Қалған уақытта «Алтай» ойында басымыққа ие болғанымен, гол соғатын футболшы табылмады.

 

«Қайрат-Жастар» - «Каспий» - 1:2

Голдар: Самат Сәрсенов, 38 минут (0:1), Мақсат Тәйкенов, 54 минут (0:2), Артем Литош, 69 минут (1:2)

«Қайрат-Жастар» 1XBET QFL Бірінші лиганың басты фавориті «Каспийге» лайықты қарсылық көрсетті. Қос команда да соңғы минутқа дейін аянып қалмады. Тек тәжірибе үлкен рөл ойнап, «Каспий» өз мықтылықтарын тағы бір дәлелдеді. 4 рет қатарынан жеңіс «Каспийді» OLIMPBET QFL Премьер-лига үміткері екендігін тағы бір мәрте дәлелдейді.

 

Айта кетейік, SD Family – «Қыран» ойыны шымкенттік команданың матчқа келмеуіне байланысты өтпеді. 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 6-шы тур матчтары 9-10 мамыр күндері өтеді. Ойындарды Q Arena, Q Football, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыз.