РУС ҚАЗ
Суперкубок
x

Жарыстар орталығы

  • OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионаты
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • Қазақстан Кубогы
  • Суперкубок
  • Өтпелі ойын

ЖаңалықтарБағдат Қайыров: «Білікті маманнан тәлім алу мен үшін үлкен мәртебе»

27 Ақпан 2020, 12:58

«Қайсар» командасының жаңа ойыншысы Бағдат Қайыров елордалық «Астанамен» өтетін Суперкубок ойыны қарсаңында Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының баспасөз қызметіне берген сұхбатында оқу-жаттығу жиынының нәтижесін қорытындылап, бас бапкер Стойчо Младеновтың жұмысынан алған әсерімен бөлісіп, маусымашар кездесуден қандай ойын күтетінін ортаға салды.

– Маусымаралық үзілісте «Қайсардың» қатарын толықтырдыңыз. Клубты ауыстыру туралы шешімге келу қиын болды ма? Жаңа команда қалай қарсы алды?
 – Иә, жыл басында «Қайсар» футбол командасымен келісімшартқа қол қойдым. Футболшылардың команда ауыстыруы қалыпты жағдай. Премьер-лигада тәжірибе жинақтау барлық футболшының мақсаты екені белгілі. «Дала қасқырларынан» ұсыныс түскеннен-ақ көп ойлануды қажет деп санамадым. Командамен бірге алғашқы жаттығу жиынына аттанып, маусымға дайындық жүргіздік. Клуб ұжымы жақсы қарсы алды. Ел біріншілігінде ойнаған соң бір-бірімізді жақсы білеміз. Сондықтан тіл табысу мен үшін қиын болмады. Бірнеше күннен кейін биылғы біріншіліктің жалауы желбірейді. Жаңа командаммен бірге биіктерді бағындыруға атсалысамын. Үлкен футболға жол ашқан «Ақтөбе» футбол командасына алғысымды айтамын.
 
– Оқу-жаттығу жиыны қалай өтті? Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде ел намысын қорғайтын команда жаңа маусымға дайын ба?
 – Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны жоспар бойынша өтті. Бас бапкер Стойчо Младеновтың нұсқауымен күніне екі мәрте жаттығу жұмыстары өтті. Жиын барысында еуропалық командалармен 8 жолдастық кездесу өткізіп, мол тәжірибе жинақтадық. Еуропа лигасында ел намысын қорғайтын болғандықтан команда басқа да жаңа ойыншылармен толықты. Әріптестер де, жанкүйерлер де Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінің ойындарын асыға күтіп жүр. Еурокубок ойындарында жақсы нәтиже көрсетеміз деп үміттенемін.
 
– «Қайсардың» бас бапкері Стойчо Младеновтың жұмысы қандай әсер қалдырды?
 – Бас бапкер Стойчо Младенов команданы төртінші маусым қатарынан жаттықтырмақ. Яғни, өте тәжірибелі деуге болады. Еуропаның ең үздік ұжымдарына жетекшілік еткен. Өткен жылы еліміздің ең таңдаулы жаттықтырушысы атанып, Болгарияның ең үздік бапкері атағына қол жеткізді. Сондықтан Стойчо бапкердің жұмысын жоғары бағалауға болады. Білікті маманнан тәлім алу мен үшін үлкен мәртебе.
– Елордалық ұжымның қатарында ең қауіпті ойыншы деп кімді санайсыз?
–        Еліміздің алты дүркін жеңімпазы саналатын «Астанада» осал футболшы жоқ. Барлық аяқдопшының әлеуетін жоғары бағалауға болады.
 
– «Астанамен» өтетін ойын алдында команданың көңіл-күйі қандай?
 – 21 ақпаннан бастап Суперкубок ойынына Қызылорда қаласында жаттығуды жүргіздік. Маусымашар ойын алдында команданың көңіл-күй жақсы. Ойынға жауапкершілікпен қараймыз.
 
– Суперкубок ойынынан не күтесің? Қызылордалық футболшылар ненің арқасында жеңіске жете алады?
–        Суперкубок кездесуінен тартысты ойын, жанкүйерлердің қолдауын күтемін. Сәтін салса, команда ауызбіршіліктің арқасында жеңіске жете алады деп ойлаймын.

Social

/ PFLKAZ

PFLK TV
Array ( [kaz] => news [id] => 5661 )