РУС ҚАЗ
Суперкубок
x

Жарыстар орталығы

  • OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионаты
  • Бiрiншi лига
  • Екінші лига
  • Қазақстан Кубогы
  • Суперкубок
  • Өтпелі ойын

ЖаңалықтарДуман Нәрзілдаев: «Командалық ойын көрсетіп, оң нәтижеге жетуге күш саламыз»

26 Ақпан 2020, 15:54

 Қызылордалық «Қайсар» командасының көшбасшысы Думан Нәрзілдаев «Астанамен» өтетін Суперкубок ойыны қарсаңында Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының баспасөз қызметінің сауалдарына жауап берді:

–       Жаңа маусымға дайындық қалай өтті? «Қайсар» алдағы ойындарға дайын ба?
–       Қаңтар айынан бастап Түркияда дайындық жұмыстарын жүргіздік. Әдеттегідей екі оқу-жаттығу жиын болды. Алғашқысы физикалық бағытта өтсе, екінші жиында тактикалық жаттығуларға көңіл бөлдік. Еуропалық командалармен жолдастық кездесу өткізіп, мол тәжірибе жинадық деп айта аламын. Осы дайындықтың нәтижесін алдағы ойындарда жұмсайтын боламыз.
 
– Маусымаралық үзілісте «дала қасқырларының» қатары бірнеше ойыншымен толықты. Команда оларды қалай қарсы алды? Жылдам бой үйретуге көмектестіңіздер ме?
–       Маусым өткен сайын құрамның қатары өзгеріп, жаңа ойыншылармен толығуы қалыпты жағдай. Биыл бірнеше футболшы қатарымызға қосылды. Көбі ел чемпионатында ойнаған футболшылар. Сондықтан тіл табысу біз үшін қиынға соқпады. Бәріміз бір команданың намысын қорғағандықтан бір-бірімізбен жақсы қарым-қатынас орнаттық.
 
– 2019 жылғы Қазақстан Кубогының финалында «Атыраудың» қақпасына соққан голыңыз көптен күткен жүлдеге жеткізді. Тағы да жауапкершілікті өз қолыңызға алып, алдағы Суперкубок ойынында команданы өрге сүйреуге дайынсыз ба?
–       Иә, өткен жылы біздің команда үшін керемет маусым болды. Шешуші ойында жеңіс голын соққаныма қуаныштымын. Қандай сәт болмасын «Қайсардың» жеңіске жетуіне барынша атсалысамыз. Команданың ойыны бір футболшыға тәуелді емес деп ойлаймын. Сондықтан барлығымыз бірге жұмылып, жауапкершілікті бірге сезініп, жеңіске жетудің жолын іздеуіміз тиіс. Алдағы Суперкубок ойынында командалық ойын көрсетіп, оң нәтижеге жетуге күш саламыз.
 
– Оқу-жаттығу жиындарында «Астананың» ойындарын қарай алдыңыз ба?
–       Ғаламтордың көмегімен «Atlantic Cup» халықаралық турнирінің ойындарының шолуын тамашаладым. Дегенмен барлық матчты көріп, толыққанды зерттедім деп айта алмаймын.
 
–       Өткен маусымдағы «Қайсардың» сұрмергендері Тигран Барсегян мен Куле Мбомбо командадан кетіп қалды. Нәтижелі ойыншылардың жоқтығы командаға әсер етпейді ме?
– Тигран Барсегян мен Куле Мбомбо біздің команданың жақсы ойнауына зор үлес қосты. Футболшылардың команда ауыстыруы қалыпты жағдай екенін тағы да айтамын. Бүгінде командамызға жақсы футболшылар қосылды. Жаңа ойыншылар жоғарыда аталған футболшылардың орнын басады деп ойлаймын.
 
– Суперкубок ойынында «Қайсардың» жеңіске жету мүмкіндігін қалай бағалайсыз? Жеңіске жету үшін негізгі фактор қандай болмақ?
–       Қарсыласымыз өте мықты ұжым. Дегенмен жеңіс қай тарапқа бұйыратынын алаңдағы 90 минутқа қалдырсақ деймін. Жеңіске жету үшін барынша еңбек етеміз. Доп домалақ деген қағида бар емес пе? Сондықтан алдағы кездесудің нәтижесін кесіп айта алмаймын. 

Social

/ PFLKAZ

PFLK TV
Array ( [kaz] => news [id] => 5658 )